Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО-да жол-көлік оқиғасы салдарынан ерлі-зайыптылар қаза тапты

СҚО-да жол-көлік оқиғасы салдарынан ерлі-зайыптылар қаза тапты, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Есіл ауданында орын алған жол-көлік оқиғасы салдарынан Волошинка ауылының екі тұрғыны көз жұмды. Жаяу жүргіншілерді Ford Focus автокөлігінің жүргізушісі 3 ақпанға қараған түні ауыл маңындағы жолда қағып кеткен. Шетелдік көліктің жүргізушісі оқиға орнында ұсталды. Куәландыру нәтижесі көрсеткендей, жүргізуші алкогольдік масаң күйде болған.

Жол-көлік оқиғасы фактісі бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 345-1 бабының 4-бөлігі “Абайсызда екі немесе одан көп адамның өліміне алып келген алкогольдік масаң күйде көлік құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы” бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. 32 жастағы жүргізуші, Волошинка ауылының тұрғыны, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Анықталғандай, апат орын алған жерде жан тапсырған ауыл тұрғындары – ерлі-зайыптылар. Басталған сотқа дейінгі тергеу шеңберінде бірқатар сараптамалар тағайындалды. Оқиғаның мән-жайы анықтау жұмыстары барысында белгілі болмақ.

– Жол жүрісі қағидаларының өрескел бұзушылықтарын анықтауға бағытталған профилактикалық іс-шараларға қарамастан, жүргізушілердің жол үстіндегі тәртібі көңіл көншітпейді. Жыл басынан СҚО жолдарында көлікті масаң күйде жүргізген 50-ден астам жүргізуші ұсталды, – дейді СҚО ПД бастығының бірінші орынбасары Қанат Айтбаев.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру