Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО полицейлері белгіленбеген 3 қоқыс орнын жойды

Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері “Таза Қазақстан” іс-шарасы шеңберінде белгіленбеген үш қоқыс орнын жойды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

20 шілдеден “Таза Қазақстан” республикалық іс-шарасы шеңберінде табиғатты қорғау полициясы мен учаскелік инспекторлар Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің аумақтық бөліністеріне көмек көрсетуде. Табиғатты сақтауды насихаттау мақсатында бірлескен рейдтер мен акциялар өткізіледі. Басты назарда солтүстікқазақстандықтардың жиі демалатын өзен-көл жағалаулары, белгіленбеген жағажайлар мен орман массивтері.

Өкінішке орай, облыс тұрғындары бәрі бірдей табиғат аясында демалу мәдениетін сақтамайды. Бұған дәлел аяқ астында жатқан қоқыс. Пакеттер, қаптамалар, майлықтар – адамдардың қалдырған іздері. Соңғы акциялардың бірі Петропавл қаласының аумағында, Есіл өзенінің оң жағалауында өтті. Экологтар мен полицейлер қолдарына пакеттерді алып, қоқыс жинауға кірісті. Мұндай акциялар қазіргі уақытта облыстың барлық аумағында өткізілуде. Мәселен, Мамлют ауданында тәртіп сақшылары еріктілермен бірге табиғатты сақтауға шақыру мақсатында Песчаное көлінің маңын тазалау барысында үгіт-насихат ролигін түсірген. Ролик бір күннің ішінде 3 мыңнан астам қаралым жинаған. Осындай видеоны Уәлиханов ауданының полицейлері де түсірді, учаскелік инспектордың араласуымен белгіленбеген қоқыс тастайтын орын жойылды. Кішкенекөл аудан орталығының тұрғындары бұл жерге құрылыс қалдықтарын, көң мен күлді төккен. Учаскелік инспектор 10 ескерту жасағаннан кейін әкімшілік жаза шараларына жүгінбей, ауыл тұрғындарымен түсіндіру жұмысын жүргізген. Нәтижесінде аудан орталығының тұрғындары өз күштерімен қоқысты қатты тұрмыстық қалдықтар полигонына шығарды. Аудан жастары мемлекеттік қызметшілермен және тәртіп сақшыларымен бірге тұрғындар жиі демалуға баратын орман аумағын тазалады.

– Іс-шараның екі аптасында облыста үш қоқыс тастайтын орын жойылды, – деді СҚО Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасы табиғатты қорғау тобының бастығы Асхат Қожабаев. – Сондай-ақ, белгіленбеген жерде суға шомылудың 77 фактісі анықталды – бұл облыс өзен-көлдерінде жиі орын алатын бұзушылық. Бұдан бөлек, іс-шара шеңберінде елді мекендердегі саябақ пен скверлердің тазалығын және елді мекендерде құқықтық тәртіпті сақтау бойынша жұмыс күшейтілді. Атап айтқанда, жалпы пайдалану орындарын ластау фактілері бойынша 54 хаттама, спирттік ішімдікті ішу немесе қоғамдық орындарда масаң күйде жүру бойынша 218 хаттама толтырылды.

Екі аптаның ішінде 918 құқық бұзушылық анықталды. “Таза Қазақстан” іс-шарасы 30 тамызға дейін жалғасады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру