Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Суға батып бара жатқан қызды құтқарған семейлік полицей Құрмет грамотасымен марапатталды

Суға батып бара жатқан қызды құтқарған семейлік полицей Құрмет грамотасымен марапатталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Кезекті еңбек демалысын алған Семей қ.ПБ Затон полиция бөлімінің кәмелет жасқа толмағандар ісі жөніндегі инспекторы Қанаш Құрманбаев ағымдағы жылдың 4 шілде күні түс ауа өзінің кішкентай қызын алып Бейбітшілік аралына барып, таза ауамен демалып, Ертіске суға шомылмақ болып шешеді. Шілденің шіліңгір ыстық күндерінің бірі болатын. Суға түсіп болып үйге қайтуға жиналып жатқан Қанаш қыз баланың “Құтқарындар, суға ағып барады!” – деген жан айқайын естіп назарын ағыны қатты Ертіс өзеніне аударғанда жағадан 30 метрдей қашықтықта қатты ағынға әлі келмей белінде құтқару шеңбері бар 11-12 жас шамасындағы қыз баланы байқайды.

Қанаш тез арада өз қызын досына тапсырып, ағып бара жатқан қызға қарай ұмтылады. Суға секірген ол баламен қатарласа жүзіп келіп, “қызым қорықпа, мен қазір сені жағаға алып шығамын” деп қолынан ұстап ағыспен алыса жағаға аман алып шығып, әпкесінің қолына табыстайды.

Баланың ағып бара жатқанын кеш байқаған және операциядан тақауда ғана шыққандықтан сіңілісінің артынан суға кіре алмаған әпкесі полиция капитанының батылдығына риза болып алғысын жаудыртты.

Жағада демалған көп адамның ішінен қырағылық пен батылдық танытып баланы суға кетуден аман алып қалған ерлігін ескерген Семей қаласының Төтенше жағдайлар басқармасы ағымдағы жылдың 08 шілдесінде Қанашты Құрмет грамотасымен марапаттады.

2009 жылдан бері Семей қалалық полиция басқармасында абыройлы қызмет атқарып келе жатқан полиция капитаны Қанаш Құраманбаев өз әрекетін ерлікке балағысы жоқ. Алайда сол күні жағалауда болған ер азаматтардың ішінен жүректілік танытып, адам өмірін құтқару үшін ағынды суға кірген тек қана Қанаш болды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру