Талдықорғанда есірткі сатумен айналысқан екі азамат 10 жылға бас бостандығынан айырылды
Талдықорғанда есірткі сатумен айналысқан екі азамат 10 жылға бас бостандығынан айырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Талдықорғанда екі есірткі сатушыны 10 жылға бас бостандығынан айыру туралы сот үкімі заңды күшіне енді.
– Күдіктілерді ұстау Талдықорған аумағында есірткі сату орындарын анықтауға бағытталған арнайы іс-шаралар барысында жүргізілді. Екеуі де гашишті сату кезінде ұсталды. Жиналған дәлелдерді ескере отырып, екеуі де сот тарапынан 297-бабы 3-бөлігі 3-тармағы бойынша кінәлі деп танылды. Яғни адамдар тобында есірткі заттарын өткізу, – деді облыс ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Мұрат Жұмабаев.
Жыл басынан бері өңірдің полицейлері есірткі қылмысына қатысы бар 20-ға жуық күдіктіні ұстады, олардың арасында «синтетика», гашиш және марихуана сатушылары бар. 10 адам есірткіні аса ірі мөлшерде сақтағаны үшін жауапқа тартылды. Заңсыз айналымнан 30 келіден астам түрлі есірткі заттары тәркіленді.