Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Талдықорғандық оқушыларға полицейлер есірткінің зиянды әсері туралы айтып берді

Талдықорғандық тәртіп сақшылары мектеп оқушыларына есірткінің зиянды әсері туралы айтып берді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Облыстық есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері психикалық денсаулық орталығы мен әйелдерді қолдау орталығының өкілдерімен бірлесіп, Талдықорған оқушыларымен профилактикалық кездесуге бастамашы болды.

– Балалар – халықтың осал топтарының бірі, осыған байланысты оларға жас кезінен бастап есірткінің адам өміріне жаман әсері туралы түсіндіру қажет, – деп атап өтті ПД ЕҚҚІБ жедел уәкілі Меруерт Искакова.

Кездесу барысында тәртіп сақшылары балаларға тақырыптық бейнероликтер көрсетіп, оқушыларға есірткі мен психотроптық заттардың адам ағзасына әсер етуінің келеңсіз салдары туралы айтып берді. Сондай-ақ қоғамдық тәртіпті бұзғаны және қылмыс жасағаны үшін, оның ішінде есірткінің заңсыз айналымына байланысты қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікті еске салды.

– Есірткінің қолжетімділігі, кедергісіз сатып алу мүмкіндігі  – оларды теріс пайдалану мен нашақорлықтың дамуының басты себептерінің бірі. Нашақорлық халықтың барлық топтары арасында, әсіресе жастар арасында өзінің ықпал ету аясын тез кеңейтуде. Сондықтан ортақ күш-жігермен осы жаһандық проблемаға лайықты тойтарыс беру өте маңызды, – деп толықтырды М. Искакова.

Полиция Жетісу облысының тұрғындары мен қонақтарын, құқық қорғау органдарына есірткінің заңсыз айналымы саласындағы құқық бұзушылықтарды анықтауға жәрдемдесуге шақырады. Облыс аумағында есірткі сату немесе дайындау туралы ақпарат білсеңіз, дереу полицияға 8 705 345 99 03 немесе 102 телефондары бойынша хабарлауыңызға болады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру