Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Таразда түзеу мекемесіне ірі көлемде тыйым салынған зат кіргізбек болғандар ұсталды

Таразда қатаң тәртіптегі түзеу мекемесіне ірі көлемде тыйым салынған зат кіргізбек болғандар ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Жамбылдық 34 жастағы ер адам мен 26 жастағы әйел өңірлік ҚАЖ департаментіне бағынысты ЖД-158/4 мекемесінің аумағында жұмыс істейтін жеке кәсіпкерліктің біріне құрылыс материалдарын кіргіземіз деген сылтаумен заңға қайшы іс-әрекетке барған.

Жедел ақпарат негізінде әрекет еткен мекеме қызметкерлері құрылыс материалдарын тексеру барысында фанер тақталарының ішіне жасырылған тыйым салынған заттарды анықтады.

Атап айтқанда, төрт дана фанер тақталарының ішінен 778 дана мөлшерінде белгісіз ақ дәрі-дәрмек, 20 пакет мөлшерінде ерекше иісі бар өсімдік тектес жасыл зат, екі кішкентай пакет ақ ұнтақ, бір пакет пластилинге ұқсас қара зат, целлофан пакетінде белгілі бір иісі бар жасыл ұнтақ, 13 ұялы телефон және екі бірлік ұялы телефон батареясы мен 10 дана SIM-карта тәркіленді.

Айта кетейік, қазіргі таңда осы іске мекемеде жазасын өтеушінің қатысы бар екендігі анықталып отыр. Енді заңды белшесінен басқандардың үстінен ҚР ҚК-нің 297-бабының 1-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру