Тәуелсіздік құрдасы Ақмола облысының ПД-де жұмыс істейді
Тәуелсіздік құрдасы Ақмола облысының Полиция департаментінде жұмыс істейді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақмола облысының Полиция департаментінде Тәуелсіздіктің құрдастары жұмыс істейді. Бірақ олардың ішінен аға сержант Айдана Исинаны ерекше атап өткіміз келеді. Ол өзінің 30-шы туған күнін 16 желтоқсанда атап өтеді.
Айдана 1991 жылы Көкшетау қаласында дүниеге келген. 1998 жылы №19 орта мектептің бірінші сыныбына барды. 2009 жылы мектеп бітірген бойжеткен Көкшетау медициналық колледжіне оқуға түсіп, оны 2012 жылы бітіріп, «фельдшер, жалпы практика дәрігері» мамандығы бойынша диплом алып шықты.
Алайда бірінші мамандығы бойынша Айдана жұмыс істеген жоқ, өз өмірін құқық қорғау органымен байланыстыруды шешті. Айдана құқық қорғау саласындағы өз жолын 2012 жылы Ақмола облысы ІІД Өзіндік қауіпсіздік басқармасына жетекші маман ретінде жұмысқа орналасудан бастады.
Бір жылдан кейін Айдана полиция формасын кигісі келетінін шешіп, 2013 жылдың күзінде бастапқы дайындық курсынан өтті. Ол туыстары мен достары тарапынан қолдау тапты. 2013 жылғы желтоқсанда Айдананың ішкі істер органдарындағы қызметі басталды.
– Медицинадағыдай полицияда жұмыс істеу тәртіпті, жауапкершілікті, жинақылықты, кең ой-өрісті, адамгершілікті талап етеді. Мен өз жұмысымды жақсы көремін және оны қиын деп санамаймын. Егер жұмыс ұнаса, ауыртпалық емес. Бұл жерде мен де адамдарға көмек көрсетемін, өйткені халыққа пайдалы болу – біздің басты мақсатымыз. Сонымен қатар полицейлер шұғыл жағдайларда алғашқы медициналық көмек көрсете білуі тиіс. Бұл тұрғыда маған оңай, өйткені мен де дәрігермін, – деп полиция аға сержанты бөлісті.
Айдана – екі қыздың анасы: 7 жасар Айару мен 5 жасар Айзере, жұмысы мен отбасына деген қамқорлығын сәтті ұштастырып келеді. Бүгінгі күні Айдана Исина Ақмола облысы Полиция департаментінің ғимараттарды күзету бөлімінің полицейі, полицияның аға сержанты.
Осы жылдың тамыз айында ол Полиция департаментінің шығармашылық ұжымының бөлігі болды. Айдананың дауысы керемет. Ол шығармашылық ұжымның мүшесі және әрдайым түрлі мерекелік шараларға қатысады.