Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан облысында 8 жастағы қыз ҚР-ның азаматтығын алды

Түркістан облысында 8 жастағы қыз ҚР-ның азаматтығын алды, – деп хабарлайды Polisia.kz

Келес аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын өтінішпен келген. Әйелдің айтуынша, ол 2013 жылы отбасымен Өзбекстан Республикасынан Қазақстанға тұрғылықты тұруға көшіп келген. Содан ҚР-ның азаматтығын алу үшін құжаттарын 2013 жылдың соңында өткізген. Алайда құжаттарды қарау мерзімінде 2014 жылдың басында босанып, осы аралықта жаңа туған сәбидің құжатында ата-анасы өзбекстандық деп жазылып кеткен. Мұны байқамаған ата-анасы бірнеше жылдан кейін Өзбекстанға өтуге арналған құжатты дайындау кезінде бұл кемшілікті білген. Сондықтан келестік полицейлерге өтініш жасап, 8 жастағы қызына Қазақстан Республикасының азаматтығын алуға көмектесулерін сұрады.

Тұрғынның өтініші бойынша Келес АПБ-ның көші-қон қызметі тобының инспекторы Гүлжан Құралбекова жұмыс жүргізді.

– “ҚР азаматтығы туралы” Заңының 22-бабына сәйкес, Айым Урманова есімді кішкентай қызға ҚР-ның азаматы деген тиісті анықтама берілді. Құрметті облыс тұрғындары! Полиция департаментінің осы бағыттағы жұмыстары өз жалғасын әрі қарай таба бермек. Өздеріңіздің құқықтық мәртебелеріңізді айқындау бойынша сұрақ туындаған жағдайда, сіздер, тұрғылықты мекенжайыңыз бойынша көші-қон қызметіне жүгінуіңізге болады, – деді Гүлжан Құралбекова

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру