Түркістан облысында бала құқығын қорғау бағытында профилактикалық жұмыс күшейтілді
Түркістан облысында балалардың құқықтарын қорғау, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған профилактикалық іс-шаралар күшейтілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Осы бағыттағы жұмыстар аясында Түркістан облысы полиция департаментінің қызметкерлері профилактикалық есепте тұрған қолайсыз отбасылар мен кәмелетке толмаған жасөспірімдердің тұрғылықты мекенжайларына тексеру жұмыстарын жүргізді.
Тексеру барысында отбасылардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы зерделеніп, балалардың құқықтарының сақталуы, олардың қауіпсіздігі мен тәрбиесіне ерекше көңіл бөлінді. Сонымен қатар ата-аналармен және заңды өкілдермен профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, бала тәрбиесіне жауапкершілікпен қарау, отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу, сондай-ақ балалардың қараусыз және бақылаусыз қалуына жол бермеу мәселелері бойынша кеңестер айтылды.
Полиция балалардың қауіпсіздігі – қоғамның ортақ міндеті екенін еске салып, тұрғындарды кәмелетке толмағандардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға, олардың қауіпсіздігіне бейжай қарамауға шақырады.
