Түркістан облысында шетелдік бас киіміне есірткі жасырып, шекарадан өтпек болған
Түркістан облысында бас киіміне есірткілік таблетка жасырып, шекарадан өтпек болған шетелдік ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Сарыағаш аудандық полиция бөліміне есірткі контрабандасы бойынша ҚР ҰҚК шекара қызметінен хабарлама келіп түсті. Онда «Жібек жолы» өткізу пунктінде шекарашылар мен қызметтік иттің шебер әрекеттері арқылы шекарадан тыйым салынған затты тасымалдамақ болған күдікті шетелдіктің анықталғаны көрсетілген.
Белгілі болғандай, Өзбекстан Республикасынан Қазақстан Республикасына өтіп бара жаткан орта жастағы ер адамның бас киіміне Пират атты қызметтік ит белгі береді. Содан шекарашылар бірден жедел тергеу тобын шақырған.
Сарыағаштық тәжірибелі тәртіп сақшылары сезіктінің өзбек азаматы екенін анықтады. Ер адамға кейінге қалдырылмайтын тінту шарасы жүргізіліп, оның бас киімінің ішінен жылтыр қағазға оралған күмәнді 6 дана есірткі затына ұқсас дәрі табылды. Тәркіленіп алынған зат бірден сараптамаға жолданды. Сараптама қорытындысы бойынша таблеткалар 2 грамға жуық 3,4 метилендиоксиметамфетамин (МДМА) болып шықты.
Қазіргі таңда аталған жайт ҚР ҚК-нің 286-бабы (Айналыстан алып қойылған заттардың немесе айналысы шектелген заттардың контрабандасы) бойынша тіркеуге алынды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Күдікті қамауға алынды.