Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Шымкент тұрғынының атынан несие рәсімдеп, үйін сатқызған павлодарлық ұсталды

Шымкент тұрғынының атынан несие рәсімдеп, үйін сатқызған павлодарлық ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Шымкентте алаяқ жасы жетпіске таяған әйелдің атынан заңсыз несие рәсімдеп, тіпті басындағы баспанасын да сатқызып, түскен қаржыны толығымен еншілеп кеткен.

Әл-Фараби АПБ-ның “102” арнасы арқылы әйел адам шағымданған. Ол өз арызында, бейтаныс азамат екінші дәрежелі банктердің бірінен 480 мың теңге несие рәсімдеп беретінін айтып, сол арада сеніміне кіріп, өзіне тиесілі үйін де 14 млн теңгеге сатқызып, түскен қаржының барлығын алаяқтық жолмен иемденіп кеткенін жазып көрсеткен. Жәбірленушіге келтірілген жалпы шығын көлемі 14 млн 480 мың теңгені құрап отыр.

Аталған дерек ҚР ҚК-тің 190-бабы 1-бөлігімен (Алаяқтық) сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне тіркелді.

Полиция қызметкерлері жедел-іздестіру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде тәртіп сақшылары күдікті азаматты тәулік ішінде қала аумағында қолға түсірді. Ол Павлодар қаласының 36 жастағы тұрғыны болып шықты, жұмыссыз. Бұрын-соңды істі болмағандығы да белгілі болды.

Қазіргі уақытта ұсталған азаматтың алған ақшаны өз қажеттілігіне жаратып жібергені белгілі болды. Тергеу әрекеттері жалғасып жатыр.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру