Түркістан облысында тазалықты бақылаған полицейлер 500-ден астам құқық бұзушылықтың жолын кесті
Түркістан облысының Шардара ауданында полиция қызметкерлері "Таза Қазақстан" экологиялық акциясы аясында тазалық пен абаттандыру талаптарының сақталуын бақылауға бағытталған рейдтік-профилактикалық іс-шараларды тұрақты түрде жүргізіп келеді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шараның негізгі мақсаты – қоршаған ортаның тазалығын сақтау, белгіленген талаптардың орындалуын қамтамасыз ету, сондай-ақ құқық бұзушылықтардың алдын алу және жолын кесу.
Жыл басынан бері жүргізілген рейдтік жұмыстар барысында полиция қызметкерлері 540 құқық бұзушылықты анықтады. Оның ішінде жалпыға ортақ пайдаланылатын орындарды ластаудың 301 дерегі, абаттандыру қағидаларын бұзудың 132 фактісі және белгіленбеген орындарда сауда жасаудың 107 дерегі тіркелді.
Барлық анықталған құқық бұзушылық бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылданды.
Сонымен қатар тәртіп сақшылары аудан тұрғындарымен тұрақты түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, тазалық пен абаттандыру талаптарын сақтау, қоғамдық орындарды ластамау және қоршаған ортаға ұқыпты қараудың маңыздылығын түсіндіруде.
Полиция "Таза Қазақстан" акциясы тек тазалық жұмыстарымен шектелмей, әр азаматтың қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттыруға бағытталғанын атап өтті. Таза әрі жайлы орта қалыптастыру – баршаға ортақ міндет.
