Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан облысында тұрғындардан трамадолдың 1 мыңнан астам таблеткасы тәркіленді

Түркістан облысында тұрғындардан трамадолдың 1 мыңнан астам таблеткасы тәркіленді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Түркістан облысы ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Келес ауданы аумағында трамадол дәрілік препаратын сатумен айналысатын ер адамды анықтады.

Полицейлер жергілікті тұрғынды тексеру кезінде одан трамадол препаратының әрқайсысында 10 таблеткадан болатын 26 пластинасын тапты. Одан әрі қарай жедел шаралар барысында ер азамат сатуға тыйым салынған дәріні Сарыағаш ауданының тұрғынынан алғанын айтты. Шұғыл іздестіру іс-шараларын жүргізген жедел уәкілдер Сарыағаш ауданының тұрғынын да анықтап, оны 40 қаптама әсері күшті препаратты сату кезінде ұстады. Тәртіп сақшылары ауыл тұрғынының қалтасынан трамадолдың 3 пластинасын тапты. Дәрілік препараттың жалпы саны 100-ден астам пластинаны немесе трамадол препаратының 1000-нан астам таблеткасын құрады.

Жинақталған материалдар ҚР ӘҚБтК-нің 426-бабы (Фармацевтикалық қызмет және дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы ережелерді бұзу) бойынша тіркеліп, тиісті шешім қабылдау үшін Түркістан облысы бойынша Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің департаментіне тапсырылды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру