Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан облысында Ұлы Отан соғысы ардагерінің отбасына сый-құрмет көрсетілді

Түркістан облысында полицей болған, Ұлы Отан соғысы ардагерінің отбасына сый-құрмет көрсетілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

9 мамыр Жеңіс күні мерекесіне биыл 76 жыл толып отыр. Мерейлі мейрам қарсаңында Түркістан облысының полицейлері соғысқа қатысып, Жеңіс туының желбіреуіне үлес қосқан аталарымыздың, сондай-ақ ішкі істер органының ардагерлерінің отбасына сый-сияпаттар жасады. Кезекті құрмет Арыс қаласында ішкі істер саласында қызмет еткен Шәкір Егембердиевтің жанұясына, оның артында қалған жұбайына көрсетілді. Арыс аудандық полиция бөлімінің бастығы полиция полковнигі Нұрлан Исабеков, батыр полицейдің отбасына арнайы барып, сый-сияпаттар, күнделікті қажетті азық-түліктер себетін апарып, анамыз Өзипа Егембердиеваға бағалы тұрмыстық техниканы табыстады.

Тарихқа көз жүгіртсек, Шәкір Егембердиев 1925 жылы бұрынғы Қызылқұм, қазіргі Отырар ауданы, Көксарай ауылында дүниеге келген. 16 жасында соғысқа аттанған. Жас болса да жасымады. Кеудесін оққа тосып, жауға қарсы тұра білді. Қолына қару ұстаған бозбала, жеңіс жолында көптеген қалаларды жаудан азат етті. 1945 жылы елге оралып, Арыс темір жол милициясына қызметке орналасты. Қызмет бабында абыройлы еңбегімен танылған оны 1966 жылы Арыс аудандық ішкі істер бөліміне қызметке шақырды. Соғыстан кейінгі қиын кезеңде учаскелік полиция инспекторы болып, елдегі қоғамдық тәртіпті қадағалады.

Зейнеткерлікке отставкідегі полиция аға лейтенанты болып шықты. Зейнеткерлікке шыққан соң да, қарап отырмай, жұмыс жасады. Ұлы Жеңіс жолындағы ерлігі үшін және абыройлы қызметі үшін көптеген марапаттарға ие болды. 1971 жылы зейнеткерлікке шыққан полиция аға лейтенанты 1999 жылы дүниеден өтті. Өмірінің соңғы жылдарын отбасына арнады.
Қазіргі таңда жұбайы Өзипа төрт ұлды тәрбиелеп өсіріп, олардан 15 немере, 33 шөбере көрген ақжаулықты ана, асыл әже.
Өз кезегінде Ұлы Отан соғысының ардагері, полицейдің жары тәртіп сақшыларының қамқорлығына, ыстық ықыласына алғысын айтып, ақ батасын берді. Жұмыстарына табыс тіледі.

 

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру