Түркістан облысының сақшылары үйінде есірткі сақтаған ер адамды ұстады
Түркістан облысының сақшылары үйінде есірткі сақтаған ер адамды ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысы аумағында өтіп жатқан «Дәрмек» іс-шарасы барысында Бәйдібек АПБ полицейлері үйінде есірткі затын сақтаған тұрғынды ұстады.
Аудан тұрғындарының бірі өз үйінде есірткі сақтайтыны туралы учаскелік полиция инспекторы полиция бөліміне хабарлаған. Тәртіп сақшылары хабар алған бойда жедел-іздестіру шараларына бірден кірісті. Жинақталған ақпарат көздерінің нәтижесінде күдіктінің жеке басы мен тұрғылықты мекенжайы анықталды. Ал күдікке ілінген ер адамның үйін тінту кезінде оның аула ішінде орналасқан қорасынан сіріңке қорабына салынған өзіне тән хош иісі бар есірткіге ұқсас зат табылды.
Тәртіп сақшылары аталған жайтты ҚР ҚК-нің 296-бабы (Есірткі, психотроптық заттармен,сол тектестермен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу) бойынша тіркеп, тергеуді бастады.
Айғақты зат ретінде алынған затқа сараптама тағайындалып, өсімдіктің «кептірілген марихуана» екені айқындалды. Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізілуде.