Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан полицейлері биылғы жедел-қызметтік жұмыстың қорытындысын шығарды

Түркістан облысының полицейлері биылғы жедел-қызметтік жұмыстың қорытындысын шығарды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Түркістан облысы Полиция департаментінің бастығы Қайрат Дәлбековтың төрағалығымен кеңес өтіп, онда 2021 жылғы жедел-қызметтік жұмыстың қорытындылары қаралып, алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттер айқындалды. Жиынға аппарат қызметтерінің және полицияның аумақтық құрылымдарының басшылары, прокуратура мен басқа да мүдделі органдардың өкілдері қатысты.

Өз сөзінде Қайрат Дәлбеков өңірдегі жедел жағдайға тоқталып, қылмысты ашудағы негізгі көрсеткіштерінің жақсарғанын және қабылданып жатқан алдын алу шараларын атап өтті.
Жыл басынан бері ауыр және аса ауыр қылмыстардың ашылуы 79,7%-ға жақсарған. Мал ұрлығының ашылуы 69,4%-ды құрады.

Мысалы, ағымдағы жылы полицейлер 22 қылмыстық топты ұстап, олардың 80-нен астам мал ұрлығына қатысы бар екенін анықтады. Ал 58 адамды қылмыстық жауапкершілікке тартты. Оған қоса облыста бөтеннің мүлкін ұрлау, пәтер ұрлығы және өзге де қылмыс түрлерінің саны азаюда. Сонымен қатар жыл ішінде тәртіп сақшылары заңсыз айналымнан 5,5 тоннаға жуық есірткі заттарын тәркіледі. Сондай-ақ нашақорлықтың таралуы шеңберінде есірткіні сатуды насихаттайтын интернет-сайттарға мониторинг жүргізіліп, оларды анықтау бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Одан әрі кеңес барысында ел Президенті Қ.Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру шеңберінде ішкі істер органдарын жаңғырту, полиция қызметінің қолжетімділік қағидаты және “халық үніне құлақ асатын мемлекет” тұжырымдамасы бойынша ашықтығын қамтамасыз ету мәселелері қаралды.

Атап айтқанда, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев полиция жұмысын “сервистік модельге” көшіруді тапсырды. Бұл тапсырма ІІМ министрі Ерлан Тұрғымбаевтың тұрақты және қатаң бақылауында. Белгілі болғандай, халықпен үнемі байланыста болатын учаскелік полиция инспекторларының жұмысы жіті назарда. Сондай-ақ департамент басшылығы кадр саясатына, сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға және полиция қызметкерлерінің қызметтік-жауынгерлік даярлығының жалпы деңгейін арттыруға және Түркістан облысы ПД жеке құрамы арасында тәртіпті нығайтуға ерекше назар аударды.

Сонымен қатар, жиын аясында түрлі жарыстардың жеңімпаздары атанған үздік полиция қызметкерлері мен спортшыларды марапаттау рәсімі өтті. Мәселен, ТО ПД бастығы Қ.Дәлбеков Сарыағаш АПБ учаскелік полиция инспекторы Нұрлыбек Асанхановқа, Келес АПБ учаскелік инспекторы Бекжігіт Асабаевқа, ЖҚАЖ инспекторы полиция лейтенанты Айнұр Ақжігітоваға самбодан республикалық жарыстарда жүлделі орын алғаны үшін грамоталар мен медальдарды табыс етті.

Жиналыс қорытындысы бойынша облыстық департамент басшылығы жедел қызметті күшейту, құқық бұзушылықтардың алдын алу және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша міндеттерді анықтады, сондай-ақ келесі жылға арналған жедел-қызметтік жұмыстың басым бағыттары белгіленді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру