Түркістандық полицейлер алтын ұрлаған күдікті әйелді қолға түсірді
Түркістандық полицейлер алтын ұрлаған күдікті әйелді қолға түсірді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан ҚПБ-ға алтын бұйымдарын сатумен айналысатын екі бірдей әйел арызданды. Жәбірленушінің бірінің айтуынша, белгісіз біреу оның сатылымда тұрған екі алтын жүзігін жымқырып кеткен. Екінші арызданушы бір алтын жүзігі ұрланғанын жеткізді. Келтірілген шығынның жалпы көлемі 200 мың теңгеге жуықтады. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша тіркелді.
Қылмысты дер кезінде ашу мақсатында Түркістан ҚПБ-ның қызметкерлерінен арнайы жедел-тергеу тобы құрылды. Полицейлер жедел-іздестіру шараларын тиянақты жүргізді. Куәгерлерден жауап алынып, ғимараттағы барлық бейнекамералар жіті қаралды. Нәтижесінде, түркістандық тәртіп сақшылары күдіктінің ізіне түсті. Бір күн ішінде оның түр-тұлғасын анықтап, Полиция басқармасына жеткізді.
Белгілі болғандай, күдікті жас әйел жергілікті тұрғын болып шықты. Ол оңай жолмен ақша табу мақсатында сатушылардың байқамай тұрған сәтін пайдаланып, алтын бұйымдарды жымқырған. Бүгінде полицейлер сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарын жүргізуде. Айғақты зат ретінде күдіктіден ұрланған алтын әшекейлер табылып, заңды иелеріне қайтарылды.