Түркия азаматы атыраулық тәртіп сақшыларына алғысын білдірді
Түркия азаматы атыраулық полицейлерге алғысын білдірді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
17 ақпан күні ауа райының күрт өзгеруіне байланысты Құлсары-Доссор-Атырау тас жолында Түркия азаматы құрылыс материалдары тиелген автокөлігін игере алмай, жол-көлік оқиғасын жасаған. Жол-көлік оқиғасы салдарынан ауыр жүк көлік аударылып, көлікке тиелген құрылыс материалдары жол жиегіне шашылған.
Бірнеше сағат бойы жолдың шетінде тұрған көлікті Атырау облысы Жылыой аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері байқап, дереу көмекке келген.
Тәртіп сақшылары қатты тоңып қалған көлік жүргізушісін қызметтік автокөлікке отырғызып, тамақтандырған. Артынша көлігін жөндеуге көмектесіп, таңертең жолға шығарып салған.
Түркия елінің азаматы болып табылатын көлік жүргізушісі Ичильдак Ильхами Қазақстан Республикасының полиция қызметкерлеріне алғысын жолдады. Түркиялық жүргізуші Атырау облысы тәртіп сақшыларының адамгершілігін ерекше атап өтті.