Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Үлкенге құрмет – ізеттілік белгісі

Шығыс Қазақстан облысында зейнетке шыққан қызметкерге құрмет көрсетіліп, мекеме қызметкерлері сыйлықтарын тарту етті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Запастағы майор Александр Безруков инженер-технолог, жасақ бастығы қызметтерін атқарған. 1982 жылдан 2007 жылға дейін мекемеде жұмыс істеген. Ұзақ жылдар бойы еткен ерен еңбегінің жемісін көрген азамат. Мекеменің бірқатар іс-шараларына ат салысып, 2007 жылы құрметті зейнет демалысына шыққан қызметкер.

Қылмыстық-атқару жүйесінің ардагері, запастағы майор Александр Владимирович бүгінде 60 жасқа толып отыр. ШҚО бойынша ҚАЖ Департаменті ОВ-156/15 мекемесінің ұжымы, атап айтқанда Кадр саясаты бөлімінің бастығы Р.Саугабаева, Кадр саясаты бөлімінің аға инспекторы И.Капашев зейнеткерді мерейтойымен құттықтап, ізгі тілектерін жолдады. Сонымен қатар Республикалық сомматикалық аурухананың терапевт-дәрігері К.Абсадыкова ардагердің денсаулығын, яғни қан қысымы мен тамыр соғуын тексерді. Сондай-ақ, Ардагерлер кеңесі мен мекеме қызметкерлері дәрі-дәрмек, ақшалай сыйлық берді. Аталмыш іс-шара барысында ОВ-156/15 мекемесі зейнеткерге ұзақ ғұмыр мен бақ-береке тіледі.

Өз кезегінде зейнеткер мекеме басшылығы мен қызметкерлеріне, Ардагерлер кеңесіне көрсетілген көңіл үшін алғысын білдірді.

– 60 жас – адамның кемеліне келіп, алдыңғы толқын ағаларының ізін басып, кейінгі толқын інілері құрмет көрсетіп, ілтипат танытатын, өрісі кеңейіп, өркені өскен беделді кезең. Осындай мерейлі жасқа келген ағамызға  тірлікте тұғырыңыздан таймай, келер қиындықтарды қажырлықпен жеңуге тілектеспіз,- деді ОВ-156/15 мекемесінің бастығы Р.Жумажанов.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру