Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ұлттық ұлан ерлер хоры халықаралық байқаудың жеңімпазы атанды

Ақтөбе қаласында дәстүрлі “Жұбановтар әуені – 2022” халықаралық хор музыкасы фестивалі өтті. Фестивальда барлығы 17 өнер ұжымы бақ сынады, оның 16-сы еліміздің түрлі өңірінен жиналған. Сондай-ақ Татарстан елінен арнайы келіп қатысқандар болды. Қазылар алқасы құрамында Беларусь, Украина, Түркия елдерінің және Қазақстан Республикасының хор өнері майталмандары болды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Аталмыш байқауда алғаш рет өнер көрсеткен Ұлттық ұлан Ән-би ансамблінің ерлер хоры бірнеше кезеңнен сәтті өтіп, бас жүлдеге ие болды.

Бас жүлдемен бірге жеңімпаз ұжымға 700 000 теңге көлемінде сертификат берілді. Бұдан бөлек Ұлттық ұлан ерлер хорының жетекшісі Бауыржан Алтынбеков аталмыш фестивальдің “Үздік солист” номинациясына лайық деп танылып, оған арнайы диплом мен 50 000 теңге көлемінде сыйақы табысталды.

– Фестивальда әр ұжым бес шығармадан орындады. Біздің репертуарымызда Ғ.Жұбанованың “Елім-ай”, “Туған жер”, “Конь”, “Когда мы были на войне” әндері және Абай әндеріне попурри болды. Ерлер хорының биік белестерді бағындырарына сенемін, – дейді Ұлттық ұлан Ән-би ансамблінің бастығы әрі көркемдік жетекшісі Алпамыс Асылбек.

Марапаттау сәтінде қазылар алқасының төрағасы, Қазақстан және Кеңес Одағының дирижері, хормейстер, Қазақстанның халық әртісі, Қазақстан мемлекеттік сыйлығының иегері, Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры Базарғали Жаманбаев әскери әртістер туралы жылы сөздер айтып, жақсы пікірлер білдірді.

– Өз саламызда өтетін бұл байқаудың бас жүлдесін иелену – еліміздегі ең кәсіби хор ұжымы атағын ресми иемдену деген сөз. Мұндай жүлдені осындай аңыз адамның қолынан алу – біз үшін үлкен абырой, құрмет, – деді хор жетекшісі Бауыржан Алтынбеков.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру