Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ұлытау облысында 400-ге жуық оқушы қатысқан есірткіге қарсы форум өтті

Ұлытау облысында 400-ге жуық оқушы қатысқан есірткіге қарсы форум өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Сәтбаев қаласындағы Ә.Марғұлан атындағы мектеп базасында "Есірткісіз болашақ!" атты ауқымды форум ұйымдастырылды. Іс-шараға қала мектептерінен жиналған 400-ге жуық жоғары сынып оқушысы қатысты. Форумның басты мақсаты – жасөспірімдер мен жастар арасында есірткінің зиянын кеңінен түсіндіру, оларды салауатты өмір салтын ұстануға баулу және қоғамда есірткіге қарсы көзқарасты қалыптастыру.

Форумның ашылуында Ұлытау облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Ербол Қайырбеков сөз сөйлеп, есірткі мәселесінің тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті екенін атап өтті.

– Жастар – елдің болашағы. Сондықтан оларды зиянды әдеттерден қорғау – баршамызға ортақ жауапкершілік. Есірткіге қарсы күрес – бұл тек қылмыстың алдын алу емес, ұлттың болашағын сақтау, – деді ол.

Форум барысында полиция қызметінің бағыттарын таныстыратын арнайы алаңдар ұйымдастырылды. Қызметтік иттер есірткі мен тыйым салынған заттарды анықтау қабілеттерін көрсетіп, көрермендердің қызығушылығын тудырды. Сонымен қатар жедел қимылдайтын арнайы жасақ сарбаздары жауынгерлік дайындықтарын паш етіп, түрлі тактикалық тәсілдерді көрсетті.

Оқушылар арасында АК автоматын шашып-жинаудан жарыс ұйымдастырылып, жастардың әскери дайындығы мен отансүйгіштік рухы сынға түсті. Мұндай шаралар жас буынның тәртіпке, жауапкершілікке және елге қызмет етуге деген ынтасын арттыра түсетіні атап өтілді.

Іс-шара соңында есірткіге қарсы күреске, қоғамдық жұмыстарға және жастар тәрбиесіне белсенді қатысып жүрген азаматтар Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі мен облыстық Полиция департаментінің атынан марапатталды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, жарқын болашақтың кепілі – есірткіден аулақ, салауатты өмір салтын ұстанатын саналы ұрпақ.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру