Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ұлытау облысының полицейлері білім басқармасының өкілдерімен кездесу өткізді

Жезқазған қаласындағы №3 орта мектепте полиция департаменті қызметкерлері және Жезқазған, Сәтбаев қалаларының мектеп басшылары, білім басқармасының өкілдері кездесу өткізді. Кездесудің басты мақсаты – кәмелетке толмағандарға қатысты құқық бұзушылықтардың алдын алу, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Ұлытау облысы ПД бастығының бірінші орынбасары Мұрат Алтаев кездесуде баяндама жасап, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алудағы кезек күттірмес мәселелерге тоқталды.

– Кейінгі уақытта әлеуметтік желілерде жасөспірімдер арасындағы қатыгездік және адамгершілікке жатпайтын қылмыстардың резонанстық оқиғалары жиі байқалады. Атап айтар болсақ, жыл басынан кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық орындарында және тұрғын үй-жайлардан тыс болғаны бойынша 314 құқық бұзушылық анықталды. Осыған орай, 2022-2023 оқу жылының аяқталуына байланысты, жазғы демалыс кезеңге әзірлік жұмыстарын қазірден пысықтауымыз қажет. Жазғы уақытта жасөспірімдердің түнгі уақытта тұрғын үйден тыс және ойын-сауық орындарында ата-анасының еріп жүруінсіз болу фактілерінің жолын кесу, сондай-ақ құқық бұзушылықтар жасауға бейім кәмелетке толмағандарды анықтау бойынша қолданатын шаралар сапалы болуы қажет. Осындай профилактикалық жұмыстарды жүзеге асыруда облыс аумағындағы білім беру ұйымдары басшыларының, педагогтардың рөлі өте басым болуы қажет, – деп атап өтті Мұрат Алтаев.

Жиын барысында облыс аумағында кәмелетке толмағандардың құқық бұзушылық жасауына ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою жөнінде мемлекеттік органдар мен ұйымдардың, білім беру, жергілікті полиция қызметінің өзара іс-қимыл жасау әдістерін жаңалау қажеттілігі талқыланды. Сонымен қатар тәртіп сақшылары жасөспірімдердің топтасып бұзақылық жасау, оқу орындарында алаяқтық және есірткі қылмыстарын болдырмау, жасөспірімдерде есірткіге тұрақты иммунитетін қалыптастыру, жол қауіпсіздігін ұйымдастыру бойынша ауқымды іс-шаралар өткізуге барлық білім мекемелерін бірлесе жұмыс атқаруға шақырды.

Осы бағытта қала, аудан прокуратура органдары, полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы, наркологиялық ұйымдар қызметтері басшылығы алдын ала бірлескен жоспарда кең көлемде атқарар жұмыстары нақтыланды. Кездесуде көтерілген маңызды тақырыптың бірі кәмелетке толмағандардың арасындағы суицидтік фактілерді қандай профилактикалық іс-шаралар арқылы ескертуге және тосқауыл қоюға болатыны жөнінде облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшылығының, психологиялық, дағдарыстық орталықтары мамандарының белсенді қызмет етуі уақыт талабы екендігі ескерілді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру