Ұлытау облысының полицейлері көліктері батпаққа батып қалған тұрғындарға көмектесті
Сәтбаев қаласының тұрғыны Ұлытау ауданының полицейлеріне алғысын айтты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Полиция департаментінің Instagram әлеуметтік желісіндегі ресми аккаунтына Сәтбаев қаласының тұрғыны хат жолдапты. Хат мәтінінде көмек көрсеткен полиция қызметкерлеріне ризашылығын білдіріп, өз отбасы атынан алғысын жеткізді.
Юлия Мишанкова есімді қала тұрғыны демалыс күнді пайдаланып, отбасын алып Ұлытаудың тауларына серуенге шыққан. Табиғат аясында өткізген демалыстары сәтті болғанымен, қайтар жолда көліктері батпаққа түсіп қалып, бірнеше сағат әуреге түскен. Өз күштерімен шыға алмасын білген олар полицияға хабарласып, көмек сұраған. Ұлытау ауданы полиция бөлімінің қызметкерлері келіп түскен хабарлама бойынша дереу жолға шықты.
Ауданға қарасты аумақтың тау-тасын, ой-шұңқырын жақсы білетін полицейлер жылдам әрекет етіп, оқиға орнына жетті. Тәжірибелі полицейлер батпаққа батып қалған көлікті шығарып алып, түн жамылып жолда қалған жолаушыларға көмектескен.
– Біздің аймақ таулы мекен болғандықтан, ауа райы құбылмалы келеді. Әсіресе, қыс мезгілінде қарлы боранда жолда қалған жолаушылар көп болады. Табиғат аясына серуенге келетіндерге өздерімен бірге ас-суы, қосымша жанар-жағар май алып жүруге кеңес береміз. Қазіргі уақытта қар кеткенімен жер әлі толық кеуіп үлгермеді. Сондықтан қонақтарды мейлінше сақтық шараларын сақтауға шақырамыз. Ал полиция қызметкерлері сіздерге әрқашан көмек қолын созуға дайын, – дейді ұлытаулық сақшылар.