Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ұрланған жылқы иесіне қайтарылды

Алакөл ауданында полицейлер бір тәулік ішінде қолды болған тұқымдас жылқыны заңды иесіне қайтарды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Бұл жылқы қаскөйге өзінің әдемілігімен көзге түскен. “Өзгенің жылқысын өзімдікі деп қалдым” деген ол заңға қайшы іс-әрекетін мойындамаған.

“Бізге Ынтылы ауылының 24 жастағы тұрғыны жылқысын екі ай бойы нәтижесіз іздеуінен кейін ұрланғаны жайында арызданды. Біз өз тарапымыздан бірден іздеу жұмыстарын ұйымдастырдық. Нәтижесінде, ұрланған жылқыны бір тәулік ішінде көрші Қайнар ауылының 32 жастағы тұрғынының сарайынан таптық. Ұсталған азамат, ұсынылған дәлелдерден кейін 24 ақпан күні жайылымнан үйіне бір үйір, яғни 16 жылқыны айдап әкелгенін, оның жеті басы өзінікі екенін және келесі күні барлық мал басын жайылымға шығарып, бөтеннің үш жасар биесін табынынан айырып сарайында алып қалғандығын мойындады. Осылайша, ол кейінірек, яғни бәрі тынышталған соң, өзгенің жылқысын өзінікі ретінде таныстырмақ болған”, – деп хабарлайды Алматы облысы Алакөл аудандық полиция бөлімінің басшысы Қуат Оспанов.

Қазіргі уақытта тәркіленген мал басы заңды иесіне қайтарылды. Тәртіп сақшыларының жедел қызметіне риза болған жәбірленуші оларға шын жүректен алғысын білдірді. Күдікті қамаққа алынып, сотқа дейінгі тергеу амалдары ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабының 1-бөлігіне сәйкес жүргізіліп жатыр.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру