Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

“Vision Zero Almaty” форумында жол қауіпсіздігі мәселелері талқыланды

Алматыда Freedom Holding Corp. қолдауымен ІІМ әкімшілік полиция комитетінің, Q-88 Қазақстан урбанистер қауымдастығының және Sergek Group компаниясының ұйымдастыруымен “Vision Zero Almaty” форумы өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Статистикаға сәйкес 2015-2022 жыдары аралығында елде орташа есеппен жылына 16 мың жол-көлік оқиғасы орын алады, онда екі мыңнан астам адам қайтыс болып, 18 мыңнан астам адам жарақат алады.

– Адамның өмірін сақтап қалу үшін жағдай жасау қажет немесе қарапайым сөзбен айтқанда – қателікті кешіретін жолдар қажет. Жол инфрақұрылымын дамытумен қатар заңнаманы және бақылау мен қадағалауды жүзеге асыру бағыттарын өзгерту керек. Біз Парламент Мәжілісіне орташа жылдамдық түсінігі, оны есептеу тәртібі мен жылдамдық асырғандығы үшін жауапкершілікке тарту бойынша заңнама ұсыныстарын әзірлеп, енгіздік, – деді ІІМ әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев.

Сонымен қатар форумда электросамокаттар мен мопедтер жүрісі, заңсыз автотасымалдаушылар  мәселесі, еліміздегі автотұрақтар санының қарқынды өсуі талқыланды.

Автокөліктердің техникалық жағдайына тиісінше бақылау жүргізілмейтіні де ескертілді. Осы аталған барлық факторлар көлік тәртібінің төмен болуымен қиындай түседі.

Ағымдағы жылдың 10 айында 7 млн-нан астам жол жүрісі қағидасын бұзу фактісі анықталып, шамамен 19 мың “мас” жүргізуші ұсталған, сот шешімі бойынша 12,5 мың жүргізуші жүргізу құқығынан айырылған, 19 мың адам әкімшілік қамауға алынған.

– Балалардың қатысуымен 2023 жылдың 10 айында 3 059 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Ең сорақысы – онда 246 бала қаза тауып, 3 368 бала жарақат алған. Балалар – біздің қоғамның болашағы. Сондықтан оларды болуы мүмкін қауіптер туралы хабардар ету және алдын алу біздің басымдығымыз болуы керек, – деді ІІМ әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақтоты Боранова.

Біздің жұмысымыз осы бағытта енді басталмақ. Біз Қазақстанның барлық жерлерін қамту үшін және қалаларымызды қауіпсіз ету үшін келесі жылы басқа облыстарда өзара іс-қимылды кеңейтуге бағытталдық. “Vision Zero Almaty” форумы жол қауіпсіздігі саласында идеялармен, ұсыныстармен және үздік тәжірибелермен алмасуға керемет мүмкіндік береді, – деді Q-88 Қазақстан урбанистер қауымдастығының атқарушы директоры Мадияр Даурбаев.

Ұйымдастырушылар жол апаттарындағы өлім саны мен жарақаттануышылар санын азайту үшін Қазақстанда Vision Zero шведтік бағдарламасын енгізу бойынша бастаманы ұсынды. Ол жылдамдық режимін төмендету, қоғамдық көлік жүргізушілерін оқыту бағыттарын өзгерту және трафикті реттеу жөніндегі әртүрлі шаралардан тұрады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру