Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жамбыл облысы ПД бастығы гарнизондық жиынды өткізді

Жамбыл облысы ПД бастығы гарнизондық жиынды өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

28 қазанда Жамбыл облысы Полиция департаментінің бастығы Жанат Сүлейменов гарнизондық жиынды өткізді. Онда Мемлекет басшысының 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына арналған Жолдауында айтылған полицияны бағалау критерийлерінің түбегейлі өзгеруіне, полиция қызметінің үш буынды модельге көшуіне қатысты тапсырмаларын жеке құрамға жеткізді, олар ҚР ІІМ-нің алқа жиынында 9 айдағы жұмыс қорытындылары бойынша қаралды.

Жанат Сүлейменов аталған тапсырмаларды жүзеге асырумен қатар, Полиция департаменті облыста қабылданған шаралар нәтижесінде қылмыстық құқық бұзушылықтардың саны 7%-ға төмендегенін атап өтті .

ПД бастығы жеке құрамның назарын қызметтік міндеттерін адал орындауға, қоғамдық тәртіпті сақтау бойынша шараларды күшейтуге, қылмыстық құқық бұзушылықтарды есепке алудан жасыруға жол бермеуге, жол-көлік оқиғаларының алдын алуға, сондай-ақ заңдылықты бұзуға жол бермеуге, азаматтарға сыпайы және сергек қарау қажеттігіне аударды. Президенттің полицияның сервистік моделін одан әрі енгізу міндеттері және оның қолжетімділігі жөніндегі тапсырмасын жүзеге асыруға ерекше назар аударды.

Полицияның сервистік моделі – бұл қауіпсіздікті қамтамасыз ету, билік органдарына сенімділік пен қорғалу деңгейін арттыру бойынша полиция мен жұртшылықтың бірлескен қызметі.
Президент сервистік модельді дамытудағы үш негізгі векторды анықтады:

Біріншісі – азаматтардың полицияға жақындығын барынша оңайлатуға бағытталған қадамдық қолжетімділік.

Екіншісі – ықтимал қатерлерді уақтылы жою арқылы құқық бұзушылықтардың алдын алу, мұнда учаскелік полиция инспекторларына басты маңыз берілген.

Үшінші – бұл халықпен тығыз серіктестік, өйткені қауіпсіздікті қамтамасыз ету проблемалары көбінесе жергілікті маңызға ие және оларды жергілікті қоғамдастықтың белсенді жәрдемдесуімен ғана тиімді шешуге болады.

Сервистік полицияның жұмысын бағалау – құқық бұзушылықтың жолын кесу, көмек көрсетуге дайын болу және қауіпсіздік мәселелерін бірлесіп шешу үшін халықпен сенімді қарым-қатынас орнату.

– Бізде, әдетте, полиция қызметкерлері азаматтармен байланысқа қандай да бір шағымдар жасалған жағдайда түседі. Бұл дұрыс емес. Азаматтарға “Мен сізге қалай көмектесе аламын?” дегенді ұдайы айту қажет. Бұл сөздер қарым-қатынастың дәрежесін түбегейлі өзгертеді және сенімді қарым-қатынас орнатуға көмектеседі”, – деп атап көрсетті Жанат Сүлейменов.

Гарнизондық жиынға Тараз қалалық мәслихатының хатшысы Батырбек Күлекеев қатысып, Полиция департаментінің жұмысына оң баға беріп, қылмыс пен құқық бұзушылықтар дерегінің төмендегенін атап өтті. Ол облыстық Полиция департаментінің барлық жеке құрамына тәртіп сақшыларының қаладағы азаматтардың тыныштығы мен қауіпсіздігін сақтағаны үшін алғысын білдірді.

Қызметтік міндеттерін адал атқарғаны, жұмыста жоғары нәтижелерге қол жеткізгені үшін ПД бастығы кейбір полиция қызметкерлерін грамоталармен және алғыс хаттармен марапаттады.

Солардың бірі, Тараз қаласының Полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының инспекторы Хамит Айбол ағымдағы жылдың қыркүйек айында өмірін қатерге тігіп, мұнара кранынан секіріп, өзіне өзі қол жұмсамақ болған қызды құтқарған. Қиын сәтте батылдық танытқаны үшін полицейге бағалы сыйлық – қол сағаты табысталды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру