Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодарда Жанат Смағұловты еске алуға арналған шағын футболдан турнир өтті

Павлодарда Жанат Смағұловты еске алуға арналған шағын футболдан турнир өтті, – деп хабарлайды polisia kz

Павлодар қаласында полицей Жанат Смағұловтың қайтыс болғанына 10 жыл толуына орай шағын футболдан жарыс өтті. Оған 8 команда қатысты: Полиция департаментінің аппараты, Павлодар қаласы ПБ, ІІО ардагерлері, Солтүстік ОП, Орталық ОП, Патрульдік полиция батальоны, Павлодар ауданы полиция бөлімі және Шақат ауылынан “Достар” командасы.

Полиция қызметкерлері полиция формасын біраз уақытқа шешіп, өз командаларының жеке спорттық киімдерін киді.

Жанат Смағұлов 1971 жылы Шақат ауылында дүниеге келген. 2000 жылы ішкі істер органдарына  Павлодар қаласының патрульдік-бекеттік полициясы лауазымына қызметке кірді. Кейін Полиция департаментінің кезекші бөлімінде жұмыс істеді.

2012 жылы Жанат Павлодар ауданы Красноармейка ауылының учаскелік полиция инспекторы лауазымына тағайындалды. Қызметте жүргенде полиция лейтенанты Жанат Смағұлов шақыруға бара жатып, жол-көлік оқиғасы кезінде қаза тапты.

– Жанат Смағұловтың арамызда жоқтығына 10 жыл. Жолдасымызды еске алу үшін осы спорттық іс-шараны ұйымдастырдық. Біз қаза тапқан қызметкерлерімізді әрқашан жылы еске аламыз. Әріптестер осындай есте қаларлық іс-шараларды ұйымдастырып өткізгендігі қуанышты жайт. Полицейлердің жас буыны қаза тапқан әріптестерін білуі және есте сақтауы тиіс, – деп сөз сөйледі ардагерлер кеңесі мен Ұлттық ұланның төрағасы Бақберды Балтабайұлы Абраев.

– Жан жолдасымды еске алу үшін ұйымдастырылған турнирдің барлық қатысушыларына рақмет. Сіздерге және сіздердің отбасыларыңызға қауіп-қатерге толы күрделі істе сәттілік тілеймін. Әр қызметтен кейін үйге аман-есен оралыңыздар, – деп Жанат Смағұловтың жесірі, Назира Брок қатысушылар мен ұйымдастырушыларға шын ниет алғысын білдірді.

Турнир шырайлы күйде өтті. Әр ойыншы өз командасына ұпай жинап, өз қақпаларын қарсыластарының шабуылынан қорғауға тырысты. Нәтижесінде жеңімпаздар анықталып, оларға медальдар мен грамоталар табысталды.

Қола патрульдік полиция батальонының командасына бұйырды. Күміс – Жанат Смағұловтың “Достар” командасына, ал алтынды Полиция департаменті аппаратының командасы жеңіп алды.

Ұйымдастырушылар, жанкүйерлер мен қатысушылар өткізілген іс-шарадан көтеріңкі көңіл-күй алды. Жанат Смағұловтың туыстары полиция қызметкерлеріне алғыс айтып, қиын қызметте сәттілік тіледі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру