Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

“Жасөспірім” ЖПІШ: көлік полицейлері 100-ге жуық құқық бұзушылықты анықтады

Көлік полицейлері “Жасөспірім” ЖПІШ басталғаннан бері 100-ге жуық құқық бұзушылықты анықтады, — деп хабарлайды Polisia.kz.

10 сәуір мен 6 мамыр аралығында көліктегі полиция департаментінің қызмет көрсету аумағында “Жасөспірім” жедел-профилактикалық іс-шарасы өтуде. Шараның мақсаты – жасөспірімдер арасындағы және оларға қатысты құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу, сондай-ақ балалардың әуе және теміржол көлігі нысандарында қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

Іс-шара аясында көлік полицейлері теміржол вокзалдары мен перрондарда, әуежайлар мен пойыздарда түсіндіру жұмыстарын белсенді жүргізуде. Іс-шара басталғалы алты күн ішінде 99 әкімшілік құқық бұзушылық анықталған. Оның ішінде 94-і жасөспірімдердің түнгі уақытта үлкендердің қарауынсыз жүргені үшін болса, үшеуі ата-аналардың бала тәрбиесіндегі міндетін орындамауы, ал екеуі қоғамдық орындарды ластаумен байланысты болған.

Мәселен, Алматы қаласының әуежайында тексеру кезінде Алматы — Түркістан рейсінің екі кәмелетке толмаған жолаушысынан металл кастетке ұқсас зат табылды. Аталған дерек бойынша әуежайдағы желілік полиция бөлімінің қызметкерлері жасөспірімдердің ата-аналарын балаларын тәрбиелеу және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеттерін орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартты.

Сондай-ақ теміржол маңында орналасқан білім беру мекемелерінде жасөспірімдердің құқықтық санасын қалыптастыру және өз әрекеттері үшін жеке жауапкершілікті түсіну мақсатында 179 профилактикалық дәріс ұйымдастырылды.

— Іс-шараның мақсаты – жазалау емес, алдын алу. Біз балаларды қауіпті жағдайлардан сақтап, ата-аналарға олардың жауапкершілігін еске салуға және жасөспірімдерді қоғамдық орындарда, әсіресе көлік нысандарында тәртіп ережелерін сақтауға үйретуді көздейміз, — деп атап өтті көліктегі ПД.

Кәмелетке толмағандармен жүргізілетін профилактикалық жұмыс жалғасын табады. Көлік полицейлері ата-аналарды мұқият болуға және балаларға қоғамдық орындарда қауіпсіз мінез-құлық ережелерін үнемі еске салып отыруға шақырады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру