Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жетісу облысында ірі алаяқтық ісі бойынша тергеу аяқталды

Жетісу облысында ірі алаяқтық ісі бойынша тергеу аяқталды, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Жетісу облысының полиция қызметкерлері Талдықорған қаласы прокуратурасының үйлестіруімен бірқатар алаяқтық деректері бойынша күдікті топқа қатысты қылмыстық істі тергеуді аяқтады. Тергеу мәліметтері бойынша, қылмыстық сызбаның құрбаны болғандар саны 37 адамды құрады. Іс материалдары сотқа жолданды.

Іс бойынша күдіктілер — Алматы облысы Талғар ауданы Гүлдала ауылының 31 жастағы тұрғыны және оның сыбайласы — Талдықорған қаласының 25 жастағы тұрғыны. Тергеу нұсқасына сәйкес, әйелдер алдын ала сөз байласып, интернет дүкендер арқылы тауарлық несие рәсімдеу жолымен ақша жымқырған.

Анықталғандай, 2024 жылдың қазан айында күдіктілердің бірі интернет пайдаланушыларын алдауға негізделген қылмыстық жоспар әзірлеген. Азаматтарға тауарлық несие рәсімдеп, кейін қаражатты “қолма-қол ақшаға айналдыру”, несиені жабу және сыйақы төлеу ұсынылған. Жоспарды жүзеге асыру үшін туыстарының атына рәсімделген банк шоттарын пайдаланған.

Заңсыз әрекетке Алматы қаласындағы микроқаржы ұйымының қызметкері де тартылған. Ол қаржылық сауаттылығы төмен және материалдық жағдайы қиын азаматтарды іздеумен айналысқан. Оларға интернет-дүкендердің “рейтингін көтеру” мақсатында жасалып жатқан ұсыныстар ретінде жалған шарттар ұсынылған.

Бастапқы кезеңде күдіктілер уәделерінің бір бөлігін орындап, төлемдер жасап, несиелерді ішінара жауып отырған. Осы арқылы азаматтардың сеніміне кірген. Кейіннен міндеттемелерін орындауды тоқтатып, алынған қаражатты иемденген.

Алданған азаматтар тек өздері ғана емес, таныстары мен туыстарын да осыған тартқан, бұл өз кезегінде жәбірленушілер санының артуына ықпал еткен.

Қылмыстық әрекеттер салдарынан келтірілген жалпы шығын 80 миллион теңгеден асты.

— Бұл жағдай интернеттегі жеңіл табыс туралы ұсыныстардың қаншалықты қауіпті екенін айқын көрсетеді. Азаматтарды қырағы болуға, жеке деректерін бөгде адамдарға бермеуге және күмәнді сызбалар арқылы несие рәсімдемеуге шақырамыз, — деп атап өтті полицияда.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру