Жетісу облысында полиция тұрғындарға адам саудасының қаупі туралы ескертті
Жетісу облысында полиция тұрғындарға адам саудасының қаупі туралы ескертті, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Адам саудасына қарсы күрес жөніндегі дүниежүзілік күн қарсаңында Жетісу облысы полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы мен профилактикалық және үйлестіру жұмысы басқармасының қызметкерлері профилактикалық акция өткізді.
Іс-шаралар Халыққа қызмет көрсету орталықтарында, сауда-ойын-сауық орталықтарында және қабылдау-тарату мекемесінде ұйымдастырылды. Полицейлер азаматтарға адам саудасының белгілерін қалай анықтауға болатыны, қылмыстық схемалардан қалай сақтану керектігі және көмекке қайда жүгіну қажеттігі туралы ақпарат қамтылған жадынамалар мен ақпараттық буклеттер таратты.
Түсіндіру жұмыстары барысында полиция қызметкерлері жұмыс іздеу кезінде, әсіресе интернет пен әлеуметтік желілер арқылы жұмысқа орналасуда сақтық таныту, жұмыс берушілерді мұқият тексеру және жеке құжаттарды бөгде адамдарға бермеу қажеттігін еске салды.
Мұндай акциялар халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға, адам саудасына байланысты қылмыстардың алдын алуға және адамды қанаудың кез келген түріне төзбеушілік көзқарасты қалыптастыруға бағытталған.
Полиция азаматтарды қырағылық танытуға және адам саудасына қатысты белгілі болған кез келген дерек немесе күмәнді ұсыныстар туралы полицияға дереу хабарлауға шақырады.
