Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жетісуда полицейлер туған өлкенің табиғатын қорғауға үлес қосуда

Жетісуда полицейлер туған өлкенің табиғатын қорғауға үлес қосуда, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Тазалық пен тәртіп — ұлт мәдениетінің айнасы. Ол әр адамның күнделікті қарапайым ісінен бастау алады. Бүгінде осы ұстаным Жетісу облысы полиция қызметкерлерінің жүйелі жұмысының өзегіне айналған. Олар "Таза Қазақстан" бастамасы аясында қоршаған ортаны қорғауға бағытталған профилактикалық шараларды тұрақты түрде жүргізіп келеді.

Жетісу — табиғаты көркем, жері шұрайлы, экологиялық тепе-теңдігі сақталған ерекше өңір. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ауыл шаруашылығын дамытуда маңызды рөл атқаратын бұл аймақта табиғатты қорғау — стратегиялық міндеттердің бірі. Сондықтан туған жерге жанашырлықпен қарап, қоршаған ортаны сақтау — әр азаматтың борышы.

Осы бағытта полиция қызметкерлері қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етумен қатар, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға да айрықша мән беруде. Профилактикалық рейдтер барысында аумақтарды ластау, абаттандыру қағидаларын бұзу, заңсыз қоқыс орындарын ұйымдастыру фактілері анықталып, заң аясында тиісті шаралар қабылдануда. Әрбір анықталған құқықбұзушылық — табиғатты қорғау жолындағы нақты қадам.

Сонымен қатар полиция жергілікті атқарушы органдармен және тұрғындармен тығыз байланыс орнатып, тазалықты сақтау мен табиғатты аялау мәдениетін насихаттауда. Бұл — тек бақылау емес, қоғам санасына жауапкершілік дәнін себуге бағытталған жүйелі жұмыс.

- Тазалық пен тәртіпті сақтау — баршамызға ортақ міндет. Полиция өз кезегінде Жетісу өңірінің табиғи байлығын қорғау үшін барлық күш-жігерін жұмсайды. Алайда нақты нәтижеге қол жеткізу үшін әр азаматтың белсенділігі маңызды. Тазалық — әрқайсымыздан басталады, — деп атап өтті ведомство өкілдері.

Бүгінде "Таза Қазақстан" — жай ғана акция емес, бұл — жаңа экологиялық мәдениеттің бастауы. Қоршаған ортаға деген жауапкершілік күнделікті өмір салтына айналып келеді. Ал әрбір азаматтың қосқан үлесі — туған өлкенің ертеңі үшін өлшеусіз құндылық.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру