"Жолдағы балалар" ЖПІШ: Жетісуда мыңнан астам заң бұзушылық тоқтатылды
Жетісу облысында "Жолдағы балалар" ЖПІШ аясында мыңнан астам құқық бұзушылық анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, балалардың жол-көлік жарақаттарының алдын алу және жол-көлік оқиғаларын азайту мақсатында 3-7 маусым аралығында Жетісу облысының аумағында республикалық "Жолдағы балалар" жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді.
Іс-шара барысында полиция қызметкерлері Жол қозғалысы қағидаларының сақталуын бақылауды күшейтіп, кәмелетке толмағандар, олардың ата-аналары және жол қозғалысының басқа да қатысушылары арасында кең көлемді профилактикалық жұмыстар жүргізді.
ЖПІШ өткізу кезеңінде облыс аумағында барлығы 1097 әкімшілік құқық бұзушылықтың жолы кесілді.
Атап айтқанда алкогольдік ішімдіктерді ішу немесе қоғамдық орындарға масаң күйде келу деректері бойынша 83 азамат, кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу, оқыту және олардың құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді орындамағаны үшін 29 заңды өкіл жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ ортақ пайдаланылатын орындарды ластаудың 56 фактісі тоқтатылды.
Анықталған құқық бұзушылықтардың басым бөлігі жол қозғалысы қауіпсіздігі саласына тиесілі. Ең көп тіркелген құқық бұзушылық – жолдың жүру бөлігін белгіленбеген жерден кесіп өту. Мұндай 325 дерек анықталды.
Сонымен қатар іс-шара аясында полиция қызметкерлері ата-аналар мен кәмелетке толмағандар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, құқық бұзушылықтардың алдын алу және жолдардағы қауіпсіз мінез-құлық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған рейдтік шаралар ұйымдастырды.
