Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жыл басынан Петропавлда жол-көлік оқиғаларының 700-ден астам бұзушылығы тіркелді

Жыл басынан Петропавлда жол-көлік оқиғаларының 700-ден астам бұзушылығы тіркелді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қысқы ауа райының қолайсыздығы, көлік қозғалысы үдеген шақта асығып жүру және жолда тәртіпті сақтамау – жол-көлік оқиғаларының негізгі себептері. Жол қауіпсіздігінің сақталуын қамтамасыз етуде бұзушылықтарды автоматты тіркеу жүйелерінің үлесі зор.

Бүгінгі таңда Петропавлда жеті жол-қозғалысы бұзушылықтарын автоматты тіркеу жүйесі жұмыс істейді, ол 43 тіркеу камерасынан тұрады.

СҚО Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Серік Әлжановтың айтуынша, Астана – Интернациональный, Назарбаев – Абай, Ж.Жабаев – Интернациональная көшелерінің қиылысында үш “Интегра” жүйесі орнатылған. “Интегра” бағдаршамның тыйым салынған белгісіне өтіп кету және тоқта сызығынан асып өту бұзушылықтарын тіркейді. Ғабит Мүсірепов – Ж.Жабаев, Кәрім Сүтішев – М.Жұмабаев, Ж.Жабаев – Партизанская және Назарбаев – Интернациональный көшелерінің қиылысында төрт “Мираж” жүйесі орнатылған. “Мираж” жүйесі де жол-көлік қозғалысының өрескел бұзушылықтарын, атап айтқанда: бағдаршамның тыйым салынған белгісіне өтіп кету және жылдамдық режимін бұзуды тіркейді.

Ағымдағы жылдың басынан автоматты түрде жұмыс істейтін аталған бақылау-өлшеу құрылғыларымен 719 құқық бұзушылық тіркелді. 2021 жылғы 12 айда 6361 түрлі бұзушылық тіркелді. Әкімшілік полиция басқармасында бұзушылықтарды автоматты түрде тіркеу жүйелері жол қозғалысы қатысушыларын тәртіпке келтіріп, жолдағы апаттылықты төмендетуге мүмкіндік беретінін атап өтті. Сондай-ақ, ауа температурасының төмендеуімен және көктайғақпен байланысты туындаған күн райының қолайсыздығына байланысты полицейлер барлық жол қозғалысы қатысушыларын жолда аса сақ болуға, тоқта сызықтарына назар аударып, Жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырады.

2021 жылы СҚО жолдарында 312 жол-көлік оқиғасы тіркелді, салдарынан 40 адам қаза тауып, 419 адам жарақат алған.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру