Қарағанды полициясында ардагерлерді зейнетке шығарып салу рәсімі өтті
Қарағанды полициясында ардагерлерді зейнетке шығарып салу рәсімі өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz
9 қараша күні Қарағанды қаласының Полиция басқармасында Қазақстан Республикасының ішкі істер органдарында мінсіз қызмет еткен ардагерлерді зейнетке шығарып салу рәсімі өтті.
Аталған іс-шараға Егінбай Слямов, Мадениет Жансейтов, Талғат Рамазанов, Виталий Берг, Мария Захидова, Гаухар Исакашева, Лариса Горбатова шақырылды.
Күндіз-түні, ыстықта да, суықта да тұрғындардың тыныштығын сақтау мен қорғау жолында қалтқысыз қызмет еткен, қылмыспен күрес, құқық бұзушылықтың алдын алуда белсенді қызмет атқарған ерекше құрмет иелеріне Қарағанды қаласының ПБ басшылығы және жеке құрамы атынан «Қазақстан полициясына 30 жыл» төс белгісімен, ҚР ІІМ қолсағаты және гүл шоқтары табысталды.
Қарағанды қаласының ПБ бастығы Шахназар Салин ардагерлерді құттықтап, жылы лебізін білдірді.
– Сіздерге қандай құрмет көрсетсек те, көптік етпейді. Өйткені жастық жігеріңізді елдің тыныштығы жолында сарп етіп, ішкі істер органдарының өркендеуі үшін еңбек еттіңіздер. Сіздердің еңбек жолдарыңыз өскелең ұрпаққа үлгі болып қала бермек. Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық тілейміз, – деп өз ойымен бөлісті ол.
Қарағанды қаласы ІІО Ардагерлер кеңесінің төрайымы Күлғайша Әміржанқызы және ҚР ІІО ардагері Егінбай Слямов Қарағанды қаласының ПБ басшылығы мен жеке құрамына бүгінгі көрсеткен сый құрметтері үшін алғыстарын білдіріп, жас қызметкерлерге қызметте табыс, еңбектеріне жеміс тіледі.