Маңғыстауда сотталған әйел балалар үйінің тәрбиеленушілерін қуантты
Маңғыстауда сотталған әйел балалар үйінің тәрбиеленушілерін қуантты, – деп хабарлайды Polisia.kz
Маңғыстау облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің №43 мекемесінде жазасын өтеп жатқан әйел облыстық балалар үйіне барды. Жарқынай өз қолынан шыққан бұйымдарды бүлдіршіндерге арнайы дайындады.
– Қоныс-колониясында сотталған балалар үйіне арнап құрақ көрпешелер апарсам деген ниетін білдірді. Біз оның игі ісін қолдадық. Әр адам жақсы істер жасап, өзгелерге қуаныш сыйлауға құқылы, – дейді мекеменің жасақ бастығы Ербол Сәрсенбаев.
Жарқынай тағдырдың тәлкегіне түсіп, өз жазасын өтеп жүр. Осы жерге келгеннен кейін ол тігін ісін меңгеріп алды.
– Ешкім алдында не тұрғанын білмейді ғой. Мен де ойламадым. Жаза бастым. Осы жерге келіп, тігін ісіне қызығушылығым артты, тез үйреніп алдым. Құрақ құраудан бастап, қазір қыз жасауын жасаймын. Биыл балалар күні қарсаңында құрақталған жастықтар әкелгенмін, енді көрпешелер сыйлайын деп шештім, – дейді сотталған келіншек.
Облыстық сәбилер үйінің басшысы Сару Ермұханова қонақтарды жылы қарсы алды. Жарқынай құрақ көрпешелер, сондай-ақ балаларға арналған киімдер мен тәттілерді орталық басшысына табыстады.
Айта кету керек, түзеу мекемесінде жазасын өтеушілер бұдан бұрын да қайырымдылық шараларға қатысып, түрлі қажетті заттарды жасап, сыйға тартқан болатын. Сару Мұхамбетқалиқызы Жарқынайға алғысын білдіріп, оның тезірек бостандыққа шығып, отбасына оралуын тіледі. Сондай-ақ ол өңірлік ҚАЖ департаменті мен мекеме басшыларына өзінің және ұжымның атынан алғысын жеткізді.