Жұмысқа орналаспақ болған Түркістан тұрғыны алаяққа алданып қалды
Жұмысқа орналаспақ болған Түркістан тұрғыны алаяққа алданып қалды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан қалалық Полиция басқармасының қызметкерлері Атырау қаласына жұмысқа орналастырып беремін деп тұрғынның 400 мың теңгесін алған алаяқты анықтады. Алданған қала тұрғыны кезекші бөлімге алаяқтық туралы арызбен жүгінді.
Жәбірленушінің айтуынша, алаяқ оған мұнай компанияларының біріне жұмысқа орналастыруға уәде беріп, 400 мың теңгесін алдап алған. Алаяққа сенген ер адам не жұмысқа орналаспаған, не ақшасын қайтара алмаған.
Аталған жайт ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Түркістан қалалық Полиция басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде күдіктіні анықтады. Ол Шымкент қаласының тұрғыны болып шықты. Қазіргі уақытта күдіктінің басқа да осындай қылмыстарға қатыстылығы анықталып жатыр.