Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

“Қол-аяқтарын байлап тастаған”: елордада дүкен тонаған үш жігіт ұсталды

Елордада үш жігіт дүкен тонап кетті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

“102” арнасына Астана қаласының 54 жастағы тұрғынынан белгісіз адамдар Затаевич көшесіндегі дүкенді тонап кеткені туралы хабарлама келіп түсті.

Тергеу барысында сағат 01.35-те дүкенге медициналық маска мен қолғап киген үш жас жігіт келгені анықталды. Клиент кейпінде олар сатып алатын заттарын таңдап жүргендей болып, сөредегі тауарларды қарап жүрген. Содан кейін кассада тұрған сатушы әйелге жақындап, кенеттен оны ұстап алып, аузын қолымен жапқан. Сосын жәбірленушінің қол-аяқтарын скотчпен байлап тастаған. Кассадан 100 мың теңге сомасында ақша ұрлап, қашып кеткен.

Ер адамдарды анықтауға полицияның жеке құрамы бағытталды. Іздестіру іс-шараларын жүргізу және бейнебақылау камераларын зерттеу барысында қолда бар белгілер бойынша Сарыарқа ауданының ПБ полицейлері жерге лақтырылған күртеше мен ұрланған өнімдерді тәркіледі.

23, 27 және 32 жастағы елордалық жатақханалардың бірінің тұрғындары “ізін суытпай” анықталып, полицияға жеткізілді. Заттай дәлелдемелер тәркіленді. Тонаудың барлық қатысушылары Астана қаласы ПД Уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп, елорда аумағында бұрын жасалған басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығы тексеріліп жатыр.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру