Рақмет, полицей!
Күн сайын ІІМ қызметкерлеріне әртүрлі алғыстар келіп түседі. Хаттар ведомствоның сайты, әлеуметтік желілер мен ішкі істер министрі Марат Ахметжановтың блогы арқылы қабылданады. 1 наурыз – Алғыс айту күніне орай Polisia.kz редакциясы осындай бірнеше хатпен бөлісуді жөн көрді.
Осылайша, хаттардың бірінде Астана тұрғыны Байқоңыр ауданы ПБ анықтау бөлімінің орынбасары Жеңісбек Әбілбековке алғысын білдірді. Әйел полицейге жоғалған телефонды жылдам тауып бергені үшін алғыс айтты.
– Телефонымды тапқаныңыз үшін рақмет. Бізде осындай жауапты қызметкерлер бар екеніне қуаныштымын, – деп жазды зейнеткер.
Келесі алғыс хат ҚАЖ қызметкерлеріне арналған. Оны №41 түзеу мекемесіндегі сотталған жазған. Оның айтуынша, алғыс жазудың себебі – мекемедегі оң өзгерістер. Ер адам өз хатында мекеме бастығы Бақытжан Шәріпбековке және тәрбие ісі жөніндегі бастықтың орынбасары Ғалибек Төлепбергеновке алғысын білдірген.
– Мекемеде ұстау жағдайы да, сотталғандармен жұмыс та оң бағытқа өзгерді. Сондай-ақ мекеменің тәрбие саласында да өзгерістер болды. Ғалибек Төлепбергенов жұмысын сөзбен де, іспен де дәлелдеді. Ол сотталғандармен тәрбие бағытындағы жұмысты жақсы жасайды, – деп атап өтті ол хатта.
Азаматтардың құқықтарын қорғайтын адвокаттардан келіп түсетін алғыс хаттар аз емес. Бұл жолы Қосшы қаласы полиция бөлімінің тергеушісі Сәуле Сүлейменоваға қылмыстық іс бойынша өз жұмысындағы кәсібилігі мен тиімділігі үшін алғыс білдірілді.
Адвокаттар алқасы өкілінің сөзінше, сотқа дейінгі тергеу барысында Сәуле терең теориялық, практикалық білім мен сыни ойлаумен ерекшеленді.
– Мен Сәуле Маратқызының күрделі істің мәніне назар аудара білгені үшін алғыс айтқым келеді. Оның арқасында қоғам өзін қауіпсіз сезініп, құқық қорғау органдарының қызметіне сенім арта алады. Ол – кәсіпқойлықтың үлгісі, оның жұмысы басқа қызметкерлер үшін үлгі болып қала беретініне сенімдімін, – деп жазды адвокат Әділов.