Түркістандық полицейлер облыс мектептерін жеке күзет ұйымдарымен қамтамасыз етуге қатысты жиын өткізді
Түркістандық полицейлер облыс мектептерін жеке күзет ұйымдарымен қамтамасыз етуге қатысты жиын өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысы ПД бастығының бірінші орынбасары Бағланбек Айтпаевтың төрағалығымен маңызды жиын өткізілді. Іс-шараға Түркістан облысы адами әлеуетті дамыту басқармасының бөлім басшысы Ж. Маханбетов, Түркістан облысы әкімі аппаратының бас инспекторы Ш.Егембердиев, Түркістан облысы ПД күзет қызметін бақылау бөлімінің бастығы Е.Сенбиев пен аталған бөлімнің жеке құрамы, террористік тұрғыдан осал объектілерді күзетуге жататын күзет ұйымдары, филиалдары мен өкілеттіктерінің директорлары қатысты.
Күн тәртібінде қаралған мәселенің алғашқысы, облыс аумағында орналасқан мектептерді күзет қызметінің барлық түрлері бар жеке күзет ұйымдарына күзетке беру. Яғни, елімізде соңғы уақытта мектептерде болып жатқан бассыздықтарды ескере отырып, мектеп оқушыларының тыныштығын сақтап, алаңсыз білім алуына жағдай жасау – бүгінгі күннің басты міндеті болып табылады.
Ал екінші мәселе, төтенше және террористік жағдайлар кезіндегі күзет агенттіктерінің іс-қимыл алгоритмі, жеке күзет ұйымы мен ІІО арасындағы өзара іс-қимыл жасау жөніндегі ең тиімді шаралар туралы «меморандум» жасау.
Құзырлы органдармен бірігіп, оқу орындары мен мектеп қабырғаларында жайлылықты, қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында өткен жиынға қатысушылар, өз ойларын ортаға салып, талқылады. Сондай-ақ кездесуге келген әрбір тиісті мекеме өкілдері арасында алдағы уақытта меморандум жасалып, бұл бағыттағы жұмысты жандандыруға уағдаласты.