Түркістандық полицейлер адасқан балақайды ата-анасына қайтарды
Түркістандық полицейлер адасқан балақайды ата-анасына қайтарды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Шардара аудандық полиция бөлімінің ювеналды полиция тобының кәмелетке толмағандары істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторлары Марат Дүйсенов пен Қанат Тулеуов кезекшілік кездерінде автобекетте жалғыз жүрген ұл баланы байқап, оны бірден аудандық полиция бөліміне жеткізді.
Тәртіп сақшылар тілі толық шықпаған баланың ата-анасын анықтау мақсатында жедел-іздестіру шараларын жүргізді. Нәтижесінде бір сағаттың ішінде оның тұрғылықты мекенжайы анықталды.
Белгілі болғандай, кішкентай бүлдіршінді ата-анасы базар ішінен жоғалтып алып, өздері іздеуге кіріскен. Алайда, таба алмаған соң полиция көмегіне жүгінбекші болған сәтте жылдам әрекет еткен тәртіп сақшылары баланы жақындарына аман-есен тапсырды.
Баланың әкесі полиция қызметкерлерінің жедел әрі сапалы қызметтеріне алғысын білдіріп, жұмыстарына сәттілік тіледі.