Қостанай облысында үш күнде 1600-ден астам құқық бұзушылық тіркелді
Қостанай облысында «Құқықтық тәртіп» жедел алдын алу іс-шарасы аясында полицейлер 1600-ден астам құқық бұзушылықты анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Облыс аумағында 24-26 тамыз аралығында «Құқықтық тәртіп» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өтті. Оның негізгі мақсаты – қоғамдық орындарда құқық бұзушылықтардың алдын алу және жолын кесу.
Үш күн ішінде тәртіп сақшылары 1600-ден астам құқық бұзушылықты анықтады. Оның ішінде қоғамдық орындарда спирттік ішімдіктер ішкені үшін 288 құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Бұрын жасалған 9 қылмыс, іздеуде жүрген 7 қылмыскер анықталды. Бұдан басқа тыйым салынған заттарды заңсыз сақтағаны немесе алып жүргені үшін 16 адам ұсталды. Оның ішінде: есірткі құралдарын сақтағаны үшін – 4 дерек, тіркелмеген тегіс ұңғылы қаруды сақтағаны үшін – 4, суық қаруды сақтағаны үшін – 7 дерек.
Жедел-алдын алу шарасы кезінде полицейлер 7 мыңға жуық пәтер мен үйді аралады.
Облыста жылдамдықты асырғаны үшін 285-тен астам жүргізуші анықталып, 196 жаяу жүргінші жауапкершілікке тартылды. Мас күйінде автокөлікті басқарғаны үшін 25 жүргізуші ұсталды.