Түркістан облысында 200-ден астам трактор жүргізушілеріне әкімшілік шара қарастырылды
Түркістан облысында 200-ден астам трактор жүргізушілеріне әкімшілік шара қарастырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысының тәртіп сақшылары күзгі терім науқаны қарсаңында, тракторлардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында іс-шара жүргізіп, 3 тәулікте 203 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады.
Оның ішінде техникалық байқаудан өтпегені бойынша ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабы 9-бөлігімен (Мемлекеттiк немесе мiндеттi техникалық қарап-тексеруден өтпеген көлiк құралын басқару) 61 дерек, тиісті рұқсатсыз қайта жабдықталған көлік құралын басқару бойынша 590-бабы 7-бөлігімен (Тиiстi рұқсатсыз қайта жабдықталған көлiк құралын басқару ) 8 дерек бойынша шара көрілді. Ал құжатсыз трактор техникасын басқарғаны бойынша ҚР ӘҚБтК-нің 612-бабы 1-бөлігімен (Құжаттары жоқ және басқару құқығы жоқ адамның көлiк құралын басқаруы) 46 хаттама толтырылды.
Сондай-ақ ҚР ӘҚБтК-нің 591-бабы 1-бөлігімен (Көлiк құралын басқару кезiнде жүргiзушiнiң телефонды не радиостанцияны пайдалануы) 23 жайт анықталды. ҚР ӘҚБтК-нің 595-бабы 1-бөлігімен (Жол жүрісі қағидаларының жүру, қайта ауыстыру, бұрылу, кері бұрылу немесе тоқтау алдындағы сигнал беру талабын орындамау) 15 құқық бұзушылық, 606-бабы 1-бөлігімен (Жол жүрісіне қатысушының авариялық жағдай туғызуға әкеп соғатын жол жүрісі қағидаларын бұзуы) 1 құқық бұзушылық анықталып, жүргізушісі жауапқа тартылды. Сонымен қатар 46 трактор айыптұраққа қойылды.
Учаскелік полиция инспекторлары мен патрульдік полиция тобының қызмет инспекторлары 90-ға жуық трактор тіркемелеріне жарыққа шағылыс беретін арнайы белгілерін орнатты. Жүргізушілерге түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, 270-тен астам арнайы буклеттер таратты.