Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түрме аумағына есірткі лақтырмақ болған Шу тұрғыны ұсталды

Түрме аумағына есірткі лақтырмақ болған Шу тұрғыны ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Жамбыл облысының Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында Тараз қаласындағы ЖД 158/4 түзеу мекемесі аумағында Шу ауданының 25 жастағы тұрғынын ұстады. Тінту барысында оның күртешесінен арнайы иісі бар, скотчпен оралған екі полиэтилен пакеті табылып, тәркіленді.

Сараптама нәтижесі көрсеткендей, бір пакетте салмағы 55 гр болатын “каннабис шайыры”, ал екіншісінде салмағы 193 гр болатын “гашиш” есірткісі болған.

Тергеу кезінде күдіктінің есірткі заттарын Шу қаласында өзі дайындап, Таразға алып келгені белгілі болды. Аталған есірткіні ол ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы (Кісі өлтіру) бойынша аса ауыр қылмыс жасағаны үшін 158/4 мекемесінде жазасын өтеп жатқан досы алу үшін түрме аумағына қоршаудан асырып лақтырмақ болғаны анықталды.

⁃ Қазіргі уақытта аталған дерекке қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 296-бабы 4-бөлігі (Есірткі құралдарын аса ірі мөлшерде заңсыз дайындау, қайта өңдеу, сақтау, өткізу мақсатынсыз тасымалдау) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды, оған үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қарастырылған. Күдікті өз кінәсін толық мойындап, Тараз қаласы Полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды, – деп атап өтті Жамбыл облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Асқар Жұмабеков.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру