Шымкенттік полицейлер көлік ұрлығының екі жайтын анықтады
Шымкенттік полицейлер көлік ұрлығының екі жайтын анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
14 ақпанда Еңбекші ауданы Полиция басқармасына 102 арнасы арқылы жергілікті тұрғын арызданған. Айтуынша, көлігін белгісіз біреу заңсыз айдап кеткен.
Аталған жайт бойынша жедел-іздестіру жұмыстарын жүргізу кезінде Ваз көлігін Жедел басқару орталығының бақылау камерасының көмегімен Т.Рысқұлов көшесінің бойындағы кафелердің бірінен анықталған. Көлікті заңсыз жүргізіп кеткен 29 жастағы қала тұрғыны ұсталып, Еңбекші ауданы Полиция басқармасына жеткізілді.
Бұдан бөлек, 13 ақпанда 102 арнасы арқылы қала тұрғынына тиесілі Mercedes көлігін белгісіз біреудің айдап әкеткені туралы арыз түскен. Бірден іздестіру ісіне көшкен полиция қызметкерлері ұрланған көлікті қаладағы мектептердің бірінің маңынан тапты. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында бұл іске қатысы бар деген 41 жастағы ер адам ұсталып, Абай ауданы Полиция басқармасына жеткізілді.
Бүгінгі таңда екі жайт бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 200-бабына (Автокөлікті заңсыз айдап кету) сәйкес қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.