Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

«Ішімдік ішіп, шу шығарған»: өз баласынан бас тартқан павлодарлық әйел сот алдында жауап береді

Павлодарда 2 жасар баласын тәрбиелеуден бас тартқан әйел сот алдында жауап береді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Павлодарда Бұқар Жырау көшесіндегі үйдің тұрғыны көрші пәтердің тұрғындары спирттік ішімдік ішіп, шу шығарып жатқаны туралы полицияға арызданған.

– Полиция келгенде пәтер иесі мен барлық «қонақтар» темекі шегіп, қатты шу шығарған. Полицейлер пәтерде екі жасар баласы бар ананы анықтады. Пәтерде басқа да күмәнді адамдар болған, бірге отырып ішімдік ішкен. Пәтерде антисанитария байқалады және балаға жарамды азық-түлік жоқ, – деді Павлодар қаласы ПБ Орталық полиция бөлімінің ювеналдық полиция аға инспекторы Гаухар Рахымғожина.

Әйел Уақытша бейімдеу және детоксикация орталығына жеткізілді, ал екі жасар бүлдіршін балалар үйіне орналастырылды. Сондай-ақ, тәртіп сақшысы әйелдің ішімдік іше бастағанын, ұлын тәрбиелеуден бас тартқанын, полиция мен көршілердің ескертулеріне құлақ аспағанын айтты. Бұған дейін әйел кәмелетке толмаған баланы тиісінше тәрбиелемегені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылғандықтан, бұл жолы ата-анаға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 127-бабының 2-бөлімі (Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу және (немесе) оған білім беру, оның құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді орындамау) бойынша әкімшілік іс қозғалды, материал сотқа қарау үшін жіберілді.

Сонымен қатар, материалдар кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияға әйелдің ата-ана құқықтарын шектеу мәселесін қарау үшін жіберіледі. Айта кету керек, биыл полиция қызметкерлері 55 заңды өкілді анықтап, әкімшілік жауапкершілікке тартты.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру