Полицейлер мектеп оқушыларын жолда өтетін іс-шараларға қатысуға шақырды
Полицейлер мектеп оқушыларын жолда өтетін іс-шараларға қатысуға шақырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Петропавл полицейлері мектеп оқушыларын жол қозғалысы қауіпсіздігі бойынша түсіндіру жұмыстарына қатысуға шақырды. Полиция көмекшілерінің қатарына қалай кіруге болатыны жайлы СҚО ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдын Байматов әлеуметтік желілердегі кезекті онлайн-диалогта айтты.
– Акцияны өткізу кезеңінде балаларды құқықтық тәрбиелеуге бағытталған профилактикалық іс-шаралар күшейтілетін болады. Түсіндіру жұмыстарына балалардың тікелей қатысуы ұтымды болатынына сенімдімін, – деп атап кетті Айдын Байматов.
Полицейлерді велосипедшілердің тарапынан жол қозғалысы ережелерін бұзушылық фактілері ерекше алаңдатады. Жас қалалықтар велосипедінен түсіп, жаяу сүйреп өту қажет жерлерде ЖҚЕ елемей, өте шығады. Велосипедшілердің жауапсыздығы ауыр салдарға әкеп соғады, автокөлік жүргізушілері тежеугішін басып үлгермей қалуы мүмкін.
Полицейлер жүргізушілерді оқу орындарына, көппәтерлі үйлердің аулаларына жақын маңдарда және жаяу жүргіншілер өткелінде барынша абай болуға шақырады.
– Жылдамдықты төмендетіңіз, жас велосипедшілердің, самокат немесе гироскутер тізгіндегендердің көбі Жол қозғалысы ережелерін білмейтінін естен шығармаған жөн, – дейді ЖПҚБ бастығы.
Өткізілетін акцияға қатысқысы келетін оқушылар Полиция департаментінің Instagram: @sqo_pd (https://inlnk.ru/4yPYA3) ресми аккаунтының direct-не жүгінуіне болады. Полицейлер жақын күндері жас велосипедшілердің қатысуымен жолдарда қауіпсіздік сабақтарын өткізуді жоспарлап отыр. Сондай-ақ, самокатта жүру машықтарын да көрсетуге болады.