Қостанай облысында «Жолдағы қабылдау» акциясы өтуде
Қостанай облысының трассаларында «Жолдағы қабылдау» акциясы өтіп жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Полиция қызметкерлері жол қызметтерімен бірге оны республикалық маңызы бар 8 шақырымдық «Қостанай – Әулиекөл-Сурган» автожолында өткізді. Іс-шара жол қозғалысы қауіпсіздігі бойынша республикалық акция аясында ұйымдастырылды. Бұл күні полиция қызметкерлері 100-ден астам жеңіл және жүк көліктерінің жүргізушілерін қамтыды. Арнайы баннерлермен және логотиптермен безендірілген қызметтік автобустар акцияны тас жолдан өтіп бара жатқан барлық жүргізушілер көретін етіп орналастырылған.
Қостанайлық полицейлер «Қазақавтожол» ЖШС және «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ қызметкерлерімен бірге тас жолда жол қозғалысы ережелерін сақтау бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жүргізушілердің сұрақтарына жауап берді.
– Біздің мақсатымыз-жұртшылықтың назарын жол қозғалысы ережелерін, жылдамдық режимін және маневр жасау ережелерін сақтауға аудару. Осы және басқа да ережелерді сақтамау жол-көлік оқиғаларына әкеп соқтырады, – деп атап өтті «Қазақавтожол» ЖШС бас инженері Талғат Раисов.
«Жолдағы қабылдау» қостанайлықтар арасында пікір алынуда.
– Өте ыңғайлы, егер сұрақтар болса, бірден сұрайсың. Бүгін мені қызықтырған барлық сұрақтарға тез жауап алдым, – деп бөлісті жүргізушілердің бірі Бауыржан Мамытов.
Қозғалыс қатысушылары заңнамадағы өзгерістерге, жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін айыппұл төлеуге және автожолдарды қайта жөндеуге қатысты өздерін қызықтырған сұрақтарды белсенді түрде қойды. Полиция және жол қызметінің қызметкерлері жүргізушілерге брошюралар, үнпарақтар, жаднамалар мен буклеттер дайындады. Айта кету керек, автожолдарда қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін жарық диодты белгілер, шу жолақтары және барлық қажетті қосымша жол белгілері орнатылған. Қостанай облысының республикалық маңызы бар автожолдарында ағымдағы жылдың 6 айында барлығы 21 ЖКО орын алды, 15 адам қаза тапты, 32 адам зардап шекті.