Алматыда ҚАЖ қызметкерлері 7 қару қоймасын анықтады
Алматыда ҚАЖ қызметкерлері 7 қару қоймасын анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Биылғы қаңтар айында Алматы қаласында болған жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастырушылар мен қылмыс жасағандарды, заңсыз қару айналымдарын анықтау жұмысына Алматы қаласы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті мен оған қарасты мекемелердің жедел қызметтері де белсенді түрде қатысуда.
Алматы қаласындағы тергеу изоляторы жедел қызметінің ақпараты бойынша, Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері қаңтар қырғынына белсенді қатысқан және қаладағы “Алпамыс” қару дүкенінен қару тонаған күдіктіні қолға түсірді.
Жаппай тәртіпсіздік кезінде қару тонағанын мойындаған күдікті А. тұратын үйден Вепрь маркалы отты қару тәркіленді.
Жыл басынан бері Алматы қаласы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті жедел қызметінің ақпараты бойынша, Алматы қаласының аумағында 7 қару-жарақ қоймасы анықталып, 25 отты қару, 31 граната, әртүрлі калибрлі 1259 патрон, арнаулы құралдар және полиция қызметкерлері мен әскерилердің нысанды киімі тәркіленді.