Полицейлер астаналықтарды тонады деген күдікпен екі ер адамды ұстады
Полицейлер астаналықтарды тонады деген күдікпен екі ер адамды ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Полицияға елорданың үш тұрғыны хабарласып, белгісіз біреулер олардың ұялы телефондарын тартып алғанын айтқан. Сондай-ақ, 22 жастағы бойжеткеннен арыз түскен, ол кешкі уақытта Бөгенбай батыр даңғылының бойымен жүріп келе жатқанда белгісіз біреулер оның құны 700 мың теңге тұратын ұялы телефонын ашық түрде ұрлап кеткен.
Нұр-Сұлтан қаласы ПД Сарыарқа ауданы ПБ криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында екі күдіктіні ұстады. Олар елорданың 25 және 19 жастағы екі тұрғыны болып шықты.
Полицейлер ер адамдардың екі бірдей тонауға да қатысы барын анықтады. Түнгі уақытта сағат 03.00 шамасында базар маңында белгісіз біреулер 50 жастағы қала тұрғынының ұялы телефонын тартып алған. Дәл осындай жолмен олар 57 жастағы ер адамның құжаттарын, ақшасы мен ұялы телефоны салынған барсеткасын алып кеткен.
Бейнебақылау камерасына тонаушылардың қылмыс жасағаннан кейін кетіп бара жатқан сәті түсіп қалған. Қаскүнемдер ұрланған мүліктерді сатып алушыларға өткізіп үлгерген.
– Ұсталғандар кінәларын мойындады. Олардың елорда аумағында жасалған басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығы анықталуда. Аталған фактілер бойынша ҚР ҚК 191-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Ұсталғандар Нұр-Сұлтан қаласы ПД уақытша ұстау изоляторына қамалды, – дейді Сарыарқа аудандық Полиция басқармасының бастығы Дулат Жұмағұлов.
Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаменті заңға қайшы әрекеттер орын алған жағдайда дереу полицияның «102» арнасына немесе мобильді қосымшаға хабарлау қажет екенін хабарлайды.