Шымкентте банктың бұрынғы бастығы тағы да алаяқтық жасады
Шымкентте банктың бұрынғы бастығы тағы да алаяқтық жасады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
3 қазанда Абай АПБ-на Шымкент қаласының тұрғыны арызданды. Ол өз арызында бейтаныс азаматша банкте кепілде тұрған үйін бұғаттан шешіп, қайтарып беремін деп сеніміне кіріп, 6,5 млн теңгесін алаяқтық жолмен иемденіп кеткенін жазып көрсеткен. Төрт ай бойы құрғақ уәдеге тойған тұрғын полицияға жүгінді.
Аталған жайт ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді.
Тәртіп сақшылары жедел-іздестіру іс шараларын жүргізді. Нәтижесінде жинақталған ақпарат көздері арқылы күдіктінің жеке-басы анықталып, ұсталды. Ол Шымкент қаласының 56 жастағы тұрғыны болып шықты.
Бұған дейін екінші дәрежелі банктердің бірінде басшылық лауазымды қызметтерді атқарғаны анықталды. Сондай-ақ, алаяқтық жайты бойынша сотты болған. Тергеу барысында ұсталған азаматшаның заңсыз әрекетке оңай жолмен ақша табу үшін барғаны белгілі болды. Алған ақшаны өз пайдасына жұмсап жіберген.
Қазіргі кезде күдіктінің басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығы анықталып жатыр.